Қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Australian Open турнирінің жұптық сынында финалға жолдама алды, деп жазады qandastar.kz.
Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық дуэт Луиза Стефани мен Габриэла Дабровскиден құралған жұпты 7:6 (7:2), 3:6, 6:4 есебімен жеңді. Осылайша Данилина мен Крунич «Ролан Гаррос-2025» турниріндегі жетістігін қайталады.
Алғашқы сетте Анна мен Александра 5:3 есебінде екі сетболды пайдалана алмай, қарсыластарына есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Дегенмен тай-брейкте олар сенімді ойын көрсетіп, 7:2 есебімен басым түсті.
Екінші партияда бастама Стефани мен Дабровски жағына ауысып, олар сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші сетте тартысты бәсеке өрбіді. Алайда кездесудің соңында Данилина мен Крунич 6:4 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Финалдағы қарсыластары бүгін анықталады.
Сондай-ақ бүгін Елена Рыбакина жартылай финалда америкалық Джессика Пегуламен кездеседі. Ал жасөспірімдер турнирінде 17 жастағы Зангар Нұрланұлы жарысты жалғастырып, төртінші айналымға өтті. Ол ертең жартылай финалға шығу үшін сынға түседі.



