Қаржы және төлемдер
Антикор басшысы: Шенеуніктердің ашкөздігі елдің дамуына кедергі

Фото: ашық дереккөз
Шенеуніктердің ашкөздігі елдің дамуын тежейтін басты кедергінің бірі. Бұл туралы «Үәде» бағдарламасының эфирінде Антикор төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, жемқорлық Қазақстанда әлеуметтік құбылысқа айналып кеткен.
Мемлекет осы бағытта заңнамалық негізді күшейту үшін тиісті қадамдар жасауда. Қабылданған Антикоррупциялық саясат тұжырымдамасына барлық меморган жұмылдырылған.
«Ұлттық банк және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, бюджет қаражатының ұрлануын болдырмау бағытында жаңа тәсілдер енгізілуде. Цифрландыруға негізделген құралдар арқылы бюджет қаржысының қозғалысын бақылайтын жүйе құрылып отыр», – дейді ол.
Әшкере телеграм арнасы жазғандай, шатаң жазалау шаралары да назардан тыс қалмаған.
Ерекше ірі көлемде пара алған адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған қоса, жемқор шенеунік шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Ондай адамның мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік секторға қайта оралуына заң жүзінде тыйым салынған.
Жұмағалидың айтуынша, халықтың өтініші мен әлемжелідегі сигналдар маңызды ақпарат көздеріне айналған. Бұдан бөлек, агенттік қазіргі кезде бюджет қаржысын нақты қадағалау мақсатында «цифрлық теңге» жобасын қолға алыпты. Мұның ерекшелігі неде?
«Мұнда әрбір теңгенің қандай тауарға немесе қызметке жұмсалғаны бақыланады. Бұрын бөлінген қаражатты жалған фирмалар арқылы қолма-қол шығарып алу амалдары қолданылса, енді цифрлық таңбалау механизмінің арқасында қаржының бүкіл қозғалысы тіркеліп отырады», – дейді ол.
Агенттік бұл тәсілді былтыр «Достық – Мойынты» теміржол құрылысында сынақтан өткізген екен, сөйтіп 160 млрд теңге бақылауға алынған.
Атырау облысындағы жол салу жобасы да дәл осындай схемаға қосылып, мердігерлер барлық шығынын ашық көрсетуге келісім берген.
Жұмағали агенттік қызметінің түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту екенін еске салып отыр. Айтуынша, түрлі рейтингтерде Қазақстанды жақсы қырынан көрсету жеткіліксіз, қарапайым тұрғындардың жемқорсыз ортада өмір сүруіне жағдай жасау маңызды.
Саакашвили? Асхат Жұмағали осы ретте Грузияның тәжірибесін үлгі ретінде ұсынуда.
«Грузиндер кезінде мемқұрылымдар мен құқық қорғау органдарында ауқымды реформа (тазалау) жүргізді. Біз де осындай істерді қолға алып жатырмыз, кей тұстарда одан да ауқымды қадамдарға барып отырмыз. Кез келген істе әділеттің салтанат құруы, жазалаудың заңмен бекітілген шегінен аспауы агенттіктің өзгермес принципі болмақ», – дейді ол