Жаңалықтар

«Апорттан айырылуымыз мүмкін»: Шаруа иелері прокуратура қысым көрсетіп жатқанын айтып, президенттен көмек сұрады

Фото: видеодан скрин

Алматы облысының бұрынғы Қарасай ауданы аумағындағы алма бақтарына иелік ететін «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС өкілдері президентке жүгініп, прокуратура әрекеттерінен қорғауды сұрады. Олардың айтуынша, құзырлы орган олардың жерге меншік құқығын жарамсыз деп тануға тырысып жатыр. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода фермерлер кейінгі 20 жылда алматылық апорт пен басқа да алма сорттарын өсіріп, жерді мақсатты түрде пайдаланып келе жатқанын алға тартады.

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Алматы қаласы прокуратурасының бізді жұмыстан айыруға және Алматының тау бөктеріндегі алма бақтарын жоюға бағытталған әрекеттерінен қорғануды сұрап, сізге жүгініп отырмыз. Жақында Бостандық ауданының прокуратурасы Алматы қаласының экономикалық сотына «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-нің 2004 жылдан бері иелік етіп келе жатқан жер учаскелеріне меншік құқығын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз берді. Прокуратураның меншік құқығынан айыру себебі ретінде учаскелердің бірінен «Кереңқұлақ» өзенінің өтуі көрсетілген. Алайда неге екені белгісіз, Ремизов сайынан Әл-Фараби даңғылына дейін созылатын Кереңбұлақ өзені бойында орналасқан элиталық тұрғын үй кешендерінің иелеріне прокуратура тарапынан ешқандай сұрақ туындамайды. Құрметті президент мырза, біз бұл учаскелерді мақсатты түрде пайдаланып келеміз. Мұнда мүлдем құрылыс пен коттедждер жоқ”, – деп ағынан жарылды шаруалар.

Шаруалар алматылық апортты өсіріп, оны қала тұрғындары мен еліміздің қонақтарына ұсынып жүргенін айтты.

“Құрметті президент мырза, сіз жақында Италияда болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметкерлерін осы жерде, өз қолымызбен өсірген Алматылық апортпен қонақ еттіңіз. Сіз әрдайым біздің Алматылық апортты қорғап, сақтап қалу керек екенін айтасыз. Соңғы жолдауыңызда сіз жер пайдаланушы адал жұмыс істеп, инвестиция құйса, қолданыстағы өндірісті бұзуға болмайтынын айттыңыз. Алайда прокуратура үшін сіздің бұл сөздеріңіздің еш маңызы жоқ. Біз бұл жерлерді элиталық тұрғын үй салу үшін кез келген жолмен тартып алмақ екенін түсінеміз. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Конституцияға сәйкес құқықтарымыздың кепілі ретінде сізден көмек сұрауға мәжбүрміз. Бұл өтінішімізге назар аударып, прокуратураның әрекетін тоқтатасыз деп үміттенеміз. Біздің отбасыларымыз күнкөріссіз қалады”, – деп күйінді жұмысшылар.

Бұған дейін шаруалар бас көтеріп, бұл ағаштардың жасы 70 жылдан асқанын, олар 50-жылдардан бері өсіп келе жатқанын айтып видео түсірді.

Бұл ағаштар ескі, ал олардың бұтақтары тегіс. Біз осыларды арнайы қалдырып отырамыз. Біз Алматы апортының географиялық статусы мен брендіне ие болдық. Яғни картаға белгілегенде дәл осы жерде апорттың өсетіні көрсетіледі. Иә, біз бірнеше ұрпақтан бері алматылық апортты өсіріп келеміз. Жаңбыр жауып, үсік пен бұршақ болмаса екен деп дұға жасаймыз. Бұл жерде үлкен пайда үшін жүрген жоқпыз, керісінше, осы баққа көп күш, уақыт, денсаулығымызды салдық. Осы жерден кету өте қиын, біз үшін мұнда тек ақша емес, еңбегіміз, жанымыз бар», – деді шаруалардың бірі Иван Сергеев.

Видеокадрда шаруалардың бірі бақ маңайындағы қымбат үйлерді, яғни Ерменсайды көрсетті. Тұрғындар судың жоқтығына шаруаларды кінәлап жатқан көрінеді.

«Бұл жерде бұрын алма бақтары болған. Бұл үйлер, негізінде, атақты апорт бақтарының «зиратында» тұр. Мынау сол ағаштардан қалған соңғы түп. Міне, құрылыс оларға да жақындап қалды. Келесі көктемде тіпті осы соңғы ағаштар да қалмайтын шығар деп ойлаймын. Осы тұрған тұрғын үй кешенінің орнында да бақ болды. Оны халық арасында «Махаббат бағы» деп атайтын. Қалғаны – тек осы ғана. Бізді не күтіп тұр? Жолбарыстарды жоғалтқанымыздай, апортты да жоғалтамыз. Екі брендті жоғалтуға болмайды. Егер бұл жерлерді тартып алса, жағдай мүшкіл. Қалған бақтардың фонында бұл – тікелей ескерту. Апорт қазір тек «Қазақфильмде» ғана қалды, бірақ оның бағасы да қымбаттап барады», – деді алматылық шаруалар.

Істің жай-жапсарын прокуратура тарқатып берді. Олардың айтуынша, алма бақ қай кезде де мемлекет меншігінде қала береді.

«Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-нің 884,9 гектар жерге меншік құқығын 2004 жылғы 17 маусымда алғанын хабарлайды. 2015 жылы бұл жер учаскесі бөлінетін аумақ ретінде танылып, жалпы көлемі 820 гектарға дейін азайтылған. Учаске аумағынан Кереңқұлақ өзені мен Берқара бұлағы ағып өтеді. Бұл жерлер, Қарасай ауданы әкімдігі қаулы шығарған кезде қолданыста болған Жер кодексінің 132, 133-баптарына сәйкес су қорының жерлері болып саналады және тек мемлекеттік меншікке жатады«, – деп мәлімдеді прокуратура.

Прокуратураның сөзінше, су қорының құрамындағы мұндай жерлер тек су ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша уақытша жер пайдалану құқығында ғана берілуі мүмкін.

«Бұған байланысты 7 қазанда прокуратура Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жерге меншік құқығын растайтын құжаттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арыз берді. Сот қарауының нәтижесінде құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады», – деді прокуратура.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close