Қаржы және төлемдер

«Әр балаға 70 мың теңгеден беру қажет»: Қазақстандық танымал тұлғалар баланы 12 жасқа дейін қараусыз қалдырмау туралы ұсынысқа ойын айтты

Фото: stan.kz

Таяуда елімізде балаларды 12 жасқа дейін ересектердің қарауынсыз қалдыруға заңмен тыйым салу ұсынылды, деп жазды qandastar.kz

Stan.kz тілшісіне қазақстандық сенат депутаттары, БАҚ өкілдері және шоу-бизнес өкілдері бұған қатысты ойын жеткізді. Бірі заңды енгізбес бұрын жүйелі зерттеу қажет екенін айтса, екіншілері әлеуметтік осал топтағы отбасылардың жағдайы түзелмей қоғамда реттілік болмайды дейді. Сонымен қатар баланы жоспарлау кезінде-ақ ата-аналарға көп жауапкершілік артылатынын ескертті.

Фото: Stan.kz коллажы

“Бала санына қарамай 70 000 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленуі керек”

Айта кетсек, жақында бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 2024 жылдың қаңтарынан бері балалардың өмірін қиған 15 өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Көп жағдайда балалар үйде жалғыз қалған екен. Осыған байланысты ол 12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салуды және мұқтаж отбасыларға мемлекеттік көмек көрсетуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева – еліміздегі аналар мен балалардың құқықтарын қорғап жүрген жандардың бірі. Халық қалаулысының айтуынша, мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресуіміз қажет.

«Баланың қауіпсіздігі барлығынан маңызды, алайда ересек адамның үйде, балалардың қасында болуы үшін олардың өмір сүруге жеткілікті қаражаты мен жағдайы болуы қажет. Осы жақында ғана Астанада өрттен болған қайғылы жағдайды мысалға алсақ, балалардың анасы жалғызбасты, өзі көпбалалы, тұрып жатқан жерлерінде жағдай жасалмаған. Неге ондай жерде тұрған десеңіздер, ол жер арзан. Төрт баланы өзі жалғыз асыраған, күні бойы жұмыста, өйткені балаларға берілетін жәрдемақы жетпейді. Сол себепті балаларды 13 жастағы үлкен баласына тапсырып кеткен. Егер де бұл отбасыға айына жеткілікті жәрдемақы төленіп, жағдайы дұрыс үйде тұрғанда аналары балаларының қасында болып, олардың қауіпсіздігіне жауапты болушы еді…», – деді Гаухар Танашева.

Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Гаухар Танашева мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін, тіптен, болмауы үшін көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды қолдау керек екенін айтады.

«Бұрын айтқанымдай, әр балаға бала санына қарамай 70 000 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленуі керек. Сонда ғана аналар әрдайым балаларының жанында болып, оларға өздері қамқор болып, қарап, бақылап отырады. Отбасылардың онсыз да мәселелері өте көп, төлейтін кредиттері бар, үй мәселесі дегендей. Бұл отбасылар ипотека алуға дайын, бірақ алу жолдары өте қиын. Сол үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарастырып, несие алу рәсімдерін жеңілдетіп, қойылатын талаптарды азайту керек. Үкіметтің тактикасы дұрыс емес. Бір жағынан көпбалалы отбасылар «масыл», жұмыс істесін десе, енді жұмыс істеп жатқандарға шара қолданамыз дейді«, – деді Гаухар Танашева.

«Құқық та, заң да адамның мүмкіндігінен асып кетпеуге тиіс»

Журналист, қоғам белсендісі Дина Төлепберген баланың тағдыры ата-ананың ғана емес, қоғамның да жауапкершілігінде екенін атап өтті. Оның айтуынша, 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдырмау туралы заң қажет, бірақ бұл ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Фото: Дина Төлепбергеннің желідегі парақшасынан

«Егер сол баланың амандығы үшін ана немесе әке үйде отырып, жұмысынан айырылуға мәжбүр болса, оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуге тиіс. Бұл – отбасының қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін өтемақы немесе жәрдемақы төлеуді талап ететін заң. Қаржылық мүмкіндіктерді ескермей енгізілген заң әділетсіздікке айналады және отбасы үшін шешім емес, керісінше қиындық туғызады. Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Заң әділ болсын десек, отбасының жағдайын ойлап, әр ата-ананың үмітін тірек етуіміз керек. Құқық та, заң да адамның мүмкіндігінен асып кетпеуге тиіс», – деді Дина Төлепберген.

Эстрада әншісі Қарақат Әбілдина – бүгінде 6 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ол, керісінше, 12 жасқа дейін балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын айтады.

“Түсінбеймін, баланы қараусыз қалай тастап кетуге болады? 12 жас тұрмақ, үлкен ұлдарыма дейін бақылаймын. Қазір осы “тәйт, тәйт” айтып, жиі бақылау жасаумен отырамыз. Үйдегі бейнебақылау камерасын телефонға жалғап қойғанбыз. Сыртта, гастрольде жүргенде де “кім шықты, кім кірді, нешеде ұйықтады, кім не істеп жатыр, тамақты қалай ішті?” деп қарап отырамыз. Шынымен, қазіргі технологияның дамыған уақытында осы ыңғайлы болып отыр. Бала деген, қайткен күнде де балалығын жасайды. Оның үстіне бала ата-анасы шығып кеткенде еркіндікті сезеді. Баланың көп ісінде шалалық бар. Бұл жерде үлкендерден сұралуы керек. Мұндай кезде ата-аналарға қандай да бір шара қолдану дұрыс шығар деп ойлаймын. Себебі басқаларға сабақ болатындай, қайталанбайтындай етіп жазалау керек”, – деді Қарақат Әбілдина.

Фото: Қарақат Қыдырәлінің желідегі парақшасынан

Қарақат Әбілдина үйдегі үлкендер балаға кішкентай кезінен бастап жалғыз қалғанда қауіпті жағдайдардан қалай сақтану керек екенін үйретуі керек дейді. Мысалы, қолы күйіп қалғанда, аяқ-астынан құлап қалса, бір-біріне алғашқы көмек беруді білуі қажет екенін ескертеді.

«Балаға деген жауапкершілік оны жоспарлаудан, көтергеннен басталады»

Медиаменеджер Ләйлә Сұлтанқызы мұндай заң шықса, бұл ата-ананы жіпсіз байлау деп ойлайды. Дегенмен ол бұл екінші жағынан мұндай мәселенің алдын алып, күреспесек тағы болмайды деп отыр.

«Баланың өмірі ойыншық емес. Бұрындары отбасылар бала-шағасын жалғыз қалдырмау үшін жақындарынан, бауырларынан көмек сұраған. Бір үйдің баласы, екінші үйдің баласымен ойнап жүріп өскен. Меніңше, қазір де келісуге болады. Ақшалай бермесе де, балаларды кезек-кезек қарап тұрса, мысалы… Кішкентай кезінен ұл-қыздарға ананы болмайды, мынаны болмайды деп қана шектей бермей, не үшін болмайтынын, қауіп неде екенін ашық түсіндіріп, көрсеткен жөн деп ойлаймын», – деді журналист Ләйлә Сұлтанқызы.

Фото: Ләйлә Сұлтанқызының желідегі парақшасынан

Ләйлә Сұлтанқызы оқыс оқиға деген отбасы, адам, жағдай талғамайтынын айтады. Оның сөзінше, кез келген үйдің баласы жалғыз қалып, осындай жағдайда зардап шегуі мүмкін.

«Біз қазір салдарымен күресіп жатырмыз. Себептен бастасақ екен… Ол дегеніміз жауапкершілікке үйрену, үйрету. Балаға деген жауапкершілік оны жоспарлаудан, көтергеннен басталады. Саналы түрде ата-ана болған жұптар оның қандай жүк екенін сезеді», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Фото: Медеу Арынбаевтың желідегі парақшасынан

Ал эстрада әртісі Медеу Арынбаев айналып келгенде мұның бәрі әлеуметтік жағдайға келіп тірелетінін баса айтты.

“Әлеуметтік жағдайымызды қалыпқа келтіргенде ғана өркениетті ел болып, табысымыз арта түседі. Сол кезде бәрі өз орнына келе қойып, жойылады. Отбасында табыс көзі жүйелі түрде түсіп тұрса ғана тәлім-тәрбиеге көңіл бөлінеді. Сөйтіп мәдениетке, идеологияға және дамуға уақыт табылады. Әрине, бұл жерде ата-аналардың да жауапкершілігін бөле қарауға болмайды. Ата-аналар да – қоғамның бір бөлшегі. Осы тұста “балалар неліктен қараусыз қалып, өліп жатыр?” деген сұрақ туындайды. Бәрі – осы әлеуметтік жағдайдың төмен болуының салдары. Осылай барлық мәселе бірінің артынан бірі тізбектеліп кете береді. Ал ол ата-аналарға сұрақ қойсаң, “біз қайтеміз, басқа амалымыз жоқ” деп қынжылады. Бұл бітпейтін дүние…”, – деп сөзін қорытындылады Медеу Арынбаев.

«Қыстың қамын жаз ойла»

Осы ретте сенат депутаты Геннадий Шиповских заңды енгізбес бұрын қоғам талқысына салу керек екенін нақтылады. Оның айтуынша, жергілікті органдар халықпен етене жақын байланыста болғанда ғана мұндай қайғылы оқиғалар азаяды.

«Баланы жалғыз қалдыру, қалдырмау екіталай дүние. Себебі әр отбасының жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Екіншіден, әрбір өңірдің өзінің ерекшелігі бар. Үшіншіден, әрбір ата-ананың түрлі мүмкіндіктері болуы мүмкін. Сондықтан біз мұның бәрін жүйелей отырып, шешім шығаруымыз қажет. Мәселен, оңтүстік өңірлерде күн, әрине, жылы болып келеді. Білесіздер, солтүстікте қарашадан бастап, сәуір айларына дейін күн қатты суық болады. Соған сәйкес от та жиі жағылады. Мұндай айтылған ұсыныстардың бәрін халықпен ақылдасып, түрлі сарапшының пікірін тыңдай отырып және түрлі өңірлердің ерекшеліктерін негізге алып қана қабылданған жөн деп ойлаймын», – деді сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Сенат депутаты кейбір ата-аналар жақсы өмірден балаларын үйге тастап, жұмысқа шықпайтынын атап өтті. Отбасында түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін де еске салды.

Фото: Instagram / gennadiishipovskikh

Сенатор Геннадий Шиповских балалардың қауіпсіздігі үшін жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі үйлерді тексеріп, өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы керек екенін айтты. Әсіресе, әлеуметтік осал топтардың үйлерінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және алдын алу жұмыстарын уақытылы жүргізу маңызды екенін атап өтті. Ол тұрғындармен тығыз байланыста болып, қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.

Жергілікті органдар мұндай мәселелерге ден қойып аударса, қайғылы жағдайдар азаяр еді. Бізде «қыстың қамын жаз ойла» дейді. Мәселен, қыстың уақыты жақындап келе жатқан кезде уәкілетті мекемелер ревизиялық, аудит жұмыстарын ертерек бастап, тексеруге тиіс. Әр үйді аралап, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру қажет», – деді сенат депутаты Геннадий Шиповских.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close