Танымал әнші, «Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болманов Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденімен марапатталды, деп жазады qandastar.kz.
Қуанышты жаңалықпен өнер иесі әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті.
«Бүгін Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс” орденін алу бақыты бұйырды. Құрметті көрермен, алдымен Алланың, одан кейін сіздердің ақ ниет пен дұғаларыңыздың арқасы деп білемін. Қазақ елі, баршаңызға Алла разы болсын», — деп жазды Қыдырәлі Болманов.
Сонымен қатар танымал «Ұлытау» тобының мүшелеріне де арнайы төсбелгілер табысталды. Әншінің жұбайы Қарақат Әбілдина жолдасын және топ мүшелерін шын жүректен құттықтады.
«Ар-намысын бәрінен жоғары қоятын асыл жарымның дәл «Намыс» орденін алуы — өте орынды әрі жарасымды марапат. Біз өте қуаныштымыз! Тілектеріңізге үлкен рақмет. «Ұлытау» тобы, өнерлеріңмен де, адамдық болмыстарыңмен де биіксіңдер. 27 жыл сахнада жүріп, алған алғашқы төсбелгілерің құтты болсын!» — деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қыдырәлі Болманов ешбір мемлекеттік марапатқа ие болмағанын айтып реніш білдірген еді.
Желі қолданушылары бұл марапатқа әбден лайық екенін айтып, құттықтауларын жаудырды.



