Жаңалықтар

Арал теңізінде судың көлемі артты

Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңі нәтижесінде теңіздегі су көлемі 42 пайызға ұлғайып, 27 млрд текше метрге жетті, деп жазды qandastar.kz

Министрліктің Telegram-дағы арнасындағы мәлімет бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданының тұрғындарымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады.

«Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезең қорытындысы бойынша теңіздегі су көлемі 42 пайызға артып, 27 млрд текше метрге жетті. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жетті», – делінген хабарламада.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, 2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберілген. Оның ішінде суару кезеңінде рекордтық көлем – 1 млрд текше метр су барды.

Айта кетейік, Сырдария суын сауатты бөлу және оны үнемдеудің нәтижесінде мүмкін болған, салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген.

«Бұл нәтижелер – соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close