
Аралда құдыққа түсіп кеткен түйені құтқарушылар алып шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қызылорда облысының Арал қаласында құтқарушылар кезекті ерекше операцияға қатысты. Бұл жолы олардың көмегі жануарға қажет болған.
Әбілхайыр хан көшесіндегі тұрғын үйдің маңында орналасқан құдыққа түйе түсіп кеткен. Оқиға туралы хабар түскен бойда ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жетті.
Құтқару жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылып, мамандар түйені құдықтан қауіпсіз шығарудың жолын ұйымдастырды.
Нәтижесінде жануар арнайы техниканың көмегімен құдықтан көтеріліп, аман-есен сыртқа шығарылды. Түйе иесіне тапсырылды.
Осылайша, ерекше операция сәтті аяқталып, жануардың өміріне қауіп төнген жоқ.



