Бас прокуратураның сұрауы негізінде ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті Қазақстан азаматы Қырғызстаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, 2022-2024 жылдары үш адамнан құралған топ банктер мен азаматтардың қаражатын иемденуге бағытталған бірнеше заңсыз схеманы жүзеге асырған.
Олар азаматтарды автокөлік сатып алу үшін несие рәсімдеуге көндіріп, кейін алынған көліктерді сатып жіберіп, ақшаны өз мақсаттарына пайдаланған.
Сонымен қатар күдіктілер шын мәнінде болмаған автокөліктерді Қырғызстаннан әкелінгендей етіп заңсыз тіркеп, үшінші тұлғалардың атына банктік несиелер рәсімдеген. Тергеу дерегіне сәйкес, осы жолмен алынған қаражат та жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Аталған әрекеттер салдарынан екі қаржы ұйымы мен 77 азаматқа келтірілген шығын көлемі 1,8 миллиард теңгеден асқан.
Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ал үшінші күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып жүргендіктен халықаралық іздеуге жарияланған.
Жедел іздестіру шаралары барысында ол Қырғызстан аумағында анықталып, ұсталды. Кейін Қазақстанның құзырлы органдарының сұрауы бойынша елге жеткізілді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және мүлкі тәркіленуі мүмкін.