Мазмұнға өту
qandastar.

1 шілдеден бастап электрсамокаттарды пайдалану тәртібі өзгерді

Малика Хамит · · 892 қаралым
1 шілдеден бастап электрсамокаттарды пайдалану тәртібі өзгерді

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды

порталы.

Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг қызметіндегі әрбір электрсамокат арнайы тіркеу нөмірімен жабдықталады. Соның арқасында жол қозғалысы ережелерін бұзған самокат жүргізушілерін бейнебақылау камералары арқылы анықтау мүмкін болады.

Сондай-ақ жалға берілетін электрсамокаттарды пайдаланушылар үшін сақтандыру полисі міндетті талапқа айналды.

Министрліктің мәліметінше, кикшеринг компаниялары енді самокаттардың техникалық жай-күйін қадағалап, олардың қозғалысы мен орналасқан жерін бақылауға міндетті. Бұдан бөлек, арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеу, самокаттардың ретсіз қалдырылуына жол бермеу және қажетті ақпаратты құқық қорғау органдарына ұсыну талаптары енгізілді.

1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, осылайша заң бұзған электрсамокаттар камералар арқылы анықталатын болады
деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Ведомство еске салғандай, электрсамокаттар негізінен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі тиіс. Ал тротуарда қозғалған кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы қажет.

Сонымен қатар 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік өзімізден басталады
деді Мұрат Қабденов.
Бөлісу: Telegram WhatsApp