Түркістан облысында ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген күдікке ілінген топқа қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер схемаға төрт жеке кәсіпкерлікті және екі ЖШС-ні пайдаланған. Кәсіпорындар басқа адамдардың атына тіркелгенімен, іс жүзінде оларды күдіктілер басқарған.
Олар ЭЦҚ, мөрлер мен банк шоттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттарды пайдаланған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алғаны, олардың бар екені және асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы жалған мәліметтер енгізілген. Осы деректердің негізінде мемлекеттік субсидия алуға өтінімдер берілген.
Нәтижесінде бюджетке 103 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Ал алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған деген күдік бар.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.
Қазір күдіктілердің бірі қамауда отыр, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.