Мазмұнға өту
qandastar.

110 мың теңге: ең төменгі жалақының өсуі қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

Малика Хамит
110 мың теңге: ең төменгі жалақының өсуі қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл өзгеріс тек айлық табысқа ғана емес, бірқатар әлеуметтік төлемнің көлеміне де әсер етеді. Атап айтқанда, декретке шығатын әйелдер, бала күтімімен отырған ата-аналар және жұмыссыз қалған азаматтар көбірек ақша алуы мүмкін.

Ең төменгі жалақы 33 жылда 6,5 мың есеге өсті

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері алғаш рет 1993 жылы белгіленді. Ол кезде бұл көрсеткіш небәрі 13 теңге болған. Содан бері елдегі экономикалық жағдай мен инфляцияға байланысты бірнеше рет қайта қаралды.

Осылайша, 33 жыл ішінде ең төменгі жалақы 6,5 мың есеге өсіп, биыл 85 мың теңгені құрады.

Заң бойынша жұмыс берушілер қызметкерлерге ең төменгі жалақыдан аз айлық төлей алмайды. Бұдан бөлек, бұл көрсеткіш кейбір әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде де қолданылады.

1,8 миллион адамның табысы артады

Президент тапсырмасына сәйкес, 2027 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион қазақстандықтың табысына әсер етеді. Олардың арасында бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкер бар.

Жаңа жылдан бастап жұмыс берушілер де қызметкерлеріне белгіленген ең төменгі мөлшерден кем жалақы төлей алмайды.

Декретке шығатын әйелдер қанша алады?

Ең төменгі жалақының өсуі жүктілік пен босануға байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің шекті мөлшерін де арттырады.

Бұл төлем әйелдің соңғы 12 айдағы орташа табысына қарай есептеледі. Алайда есепке алынатын айлықтың ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақымен шектелген.

Қазіргі есеп бойынша:

- 2026 жылы: 85 000 × 7 = 595 000 теңге;

- 2027 жылы: 110 000 × 7 = 770 000 теңге.

Осы соманы босану демалысының стандартты ұзақтығына қолданылатын 4,2 коэффициентіне көбейтеді.

Сонда есепке алынатын табыстың ең жоғары шегінен шығатын төлем:

- биыл – 2 499 000 теңге;

- келесі жылы – 3 234 000 теңге.

Яғни 2027 жылы декреттік төлемнің есептік шекті мөлшері 735 мың теңгеге артады. Нақты төлем әйелдің соңғы бір жылдағы табысы мен декреттік демалысының ұзақтығына байланысты болады.

Бала күтіміне берілетін ай сайынғы төлем де көбейеді

Бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлем де орташа жалақыға қарай есептеледі.

Мұнда соңғы екі жылдағы табыс ескеріліп, оның 40 проценті ай сайын төленеді. Бірақ есепке алынатын орташа айлық жеті ең төменгі жалақыдан аспауы керек.

Осы талапқа сәйкес, төлемнің ең жоғары мөлшері:

- 2026 жылы – 238 000 теңге;

- 2027 жылы – 308 000 теңге.

Демек, жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің шекті мөлшері 70 мың теңгеге көбейеді.

Тағы бір өзгеріс: келесі жылдан бастап әйелдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алып жүріп те жұмысқа шыға алады. Ал бала күтімі бойынша демалысқа шыққан ер азаматтарға осы тәртіппен декреттік әлеуметтік төлем қарастырылмаған.

Жұмыссыз қалғандарға қанша ақша беріледі?

Жұмысынан айырылған азаматтардың алатын әлеуметтік төлемі де өседі.

Ол соңғы екі жылдағы орташа табыстың 45 проценті мөлшерінде есептеледі. Мұнда да есепке алынатын жалақының шекті көлемі жеті ең төменгі жалақымен шектеледі.

Есеп бойынша:

- 2026 жылы – ең көбі 267 750 теңге;

- 2027 жылы – ең көбі 346 500 теңге.

Осылайша, жұмыссыз қалған азаматтардың ай сайынғы әлеуметтік төлемінің есептік шегі 78 750 теңгеге ұлғаяды.

Айта кетейік, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарнасы ретінде 10 процент ұсталады. Сондықтан адамның қолына алатын нақты сомасы есептелген мөлшерден аз болады.

Жұмыссыздық төлемін алу мерзімі қысқарады

Жаңа жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектің мерзімі де өзгереді.

Бұған дейін төлемді алты айға дейін алуға мүмкіндік болса, 2027 жылдан бастап оның ұзақтығы үш айдан аспайды. Нақты мерзім адамның әлеуметтік аударымдар жасаған кезеңіне байланысты белгіленеді.

Жаңа тәртіп бойынша:

- 6 айдан 12 айға дейін жарна аударылса – 1 ай;

- 12 айдан 24 айға дейін аударылса – 2 ай;

- 24 айдан астам жарна төленсе – 3 ай.

Осы кезеңде жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, тегін қайта даярлау курстарына қатысуға және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік беріледі.

Міндетті жарналардың мөлшері де өзгереді

Ең төменгі жалақының көтерілуі жұмысшылардың табысынан есептелетін кейбір міндетті аударымдарға да әсер етеді.

Қазақстанда жалақыдан міндетті зейнетақы жарнасы ретінде 10 процент, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2 процент аударылады.

Ең төменгі жалақы көбейген соң, осы көрсеткішке байланысты есептелетін жарналардың ақшалай көлемі де артады.

Ал жеке табыс салығының 10 проценттік мөлшерлемесі ең төменгі жалақының өзінен автоматты түрде ұсталмайды. Оны есептеу кезінде салықтық шегерімдер мен қолданыстағы салық заңнамасының талаптары ескеріледі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp