Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
-60 келіге дейінгі салмақта белдескен Сметов финалда жарыс қожайыны Хаято Кондомен кездесті. Тартысты кездесуде жапониялық спортшы жеңіске жетіп, Сметов күміс жүлдеге тұрақтады.
Бұл — Елдос Сметовтің Азия ойындарындағы үшінші медалі. Ол 2014 жылы Инчхонда осы салмақта чемпион атанып, ерлер арасындағы командалық жарыста күміс алған.
Осылайша, Париж Олимпиадасының чемпионы мен әлем чемпионы Азия ойындарындағы жүлделер санын үшке жеткізді. Сметов — Азиада тарихындағы ең көп медаль алған қазақстандық дзюдошы.
Айта кетейік, Сметов финалға дейін Оңтүстік Корея, Моңғолия және Тайпей спортшыларын жеңді.
Бұл — Қазақстан дзюдошыларының Аичидегі екінші күмісі. Бұған дейін Абиба Әбужақынова да жарысты екінші орынмен аяқтаған.