Жамбыл облысында 14 жастағы оқушының денесі табылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Туыстарының айтуынша, оқиға 25 ақпанда Қаракемер ауылында болған. Алгебра сабағы кезінде жасөспірім сыныптасына тақтадағы жазбаны суретке түсіріп жібермек болған. Алайда суретке мұғалім де түсіп қалған.
Осыдан кейін мұғалім оқушыдан түсініктеме жазуды және әкесін мектепке шақыруды талап еткен. Сондай-ақ оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтқан.
Кейін оқушы мектептен шығып кеткен. Алайда үйіне оралмаған. Туыстарының сөзінше, оның жоғалғанын бір сағатқа жуық уақыт бойы ешкім байқамаған. Мұғалім кейін отбасы мүшелеріне хабарласып, баланың мектептен кеткенін айтқан.
Біраз уақыттан соң жасөспірімнің денесі отбасының қорасынан табылған.
Туыстары бұл жағдай туралы жеті ай бойы көпшілікке айтпағанын жеткізді. Қазір олар істің барлық мән-жайы ашық тексерілгенін қалайды.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталуы тиіс.