Түркістан облысында өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған екі адам медицина ұйымының басшысынан 15 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алаяқтар мекемеде заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, басшыны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Ал ақша берсе, мәселені «жабуға» уәде берген.
Олар бастапқыда 5 млн теңгені алып, кейін тағы 10 млн теңге талап еткен.
Алайда жоспарлары жүзеге аспай, 8 тамызда күдіктілер ақша алып жатқан жерінде ұсталды. Операцияны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізген.
Сот екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
ҚМА азаматтарға маңызды ескерту жасады: «жауапкершілікке тартамыз», «мәселені шешіп береміз» деп ақша талап ететіндерге сенбеңіздер.
Мұндай жағдайға тап болсаңыз, ҚМА-ның 1458 Call-орталығына хабарласуға болады.
Агенттік азаматтарды тек ресми тәртіппен, сотқа дейінгі тергеу аясында және заң талаптарына сәйкес рәсімделген шақыру қағазы арқылы ғана шақыратынын еске салды.