Астанада автокөлік несиесі арқылы жұмыс істеген ірі қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу және сот материалдарына сәйкес, қылмыстық топтың құрамында 10-нан астам адам болған. Олардың әрқайсысы нақты міндеттерді атқарып, азаматтарды "1-2 миллион теңге көлемінде сыйақы аласыз, ал автонесие бойынша төлемді өзіміз өтейміз" деп сендірген.
Осылайша тұрғындардың атына автокөліктер несиеге рәсімделіп, кейін көліктер заңсыз сатылған. Тіпті олардың бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған.
Салдарынан 100-ден астам адам жәбірленуші атанып, жалпы саны 165 автокөлік рәсімделген.
Сот шешімімен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету, қаржы пирамидасын ұйымдастыру, сондай-ақ алаяқтық жасау баптары бойынша айыпталушылар кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды.
Айта кетейік, бұл сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.