Мазмұнға өту
qandastar.

188 күн күтудің қажеті жоқ: «Қазақмыс» сатып алудың жаңа тәртібін енгізді

Малика Хамит · · 63 қаралым
188 күн күтудің қажеті жоқ: «Қазақмыс» сатып алудың жаңа тәртібін енгізді

«Қазақмыста» шұғыл қажет болатын құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді сатып алу жеңілдей түсті.

Компания шілде айында Жедел сатып алу картасын іске қосты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жаңа жүйе өндіріс, жөндеу жұмыстары немесе апаттық жағдай кезінде қажет тауарларды ұзақ келісімдерсіз алуға мүмкіндік береді. Мәселен, қажетті бөлшек қоймада жоқ болып, оны әдеттегі тәртіппен сатып алуды күту өндірістің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа карта арқылы мәселені жедел шешуге болады.

Ең маңызды өзгерістің бірі - уақыт үнемделді. Алғашқы айда 20 бөлімше жалпы құны 6,4 млн теңгеден асатын 71 түрлі тауар сатып алған. Әр сатып алуға небәрі бір күн жұмсалған.

Салыстыру үшін, бұрын дәл осындай тауарларды стандартты рәсіммен сатып алуға 88 күннен 188 күнге дейін уақыт кетуі мүмкін еді.

Жүйе іске қосылғаннан кейін сатып алуға арналған жылдық лимит те ұлғайтылды. Жұмысшылардың ұсыныстарын ескере отырып, жалпы лимит 57 млн теңгеден 252 млн теңгеге дейін көтерілді.

Өтінімді келісу тәртібі де жеңілдетілген. Енді зауыт, кеніш немесе шахта директоры өтінімді бекітіп, оны тікелей сатып алуды үйлестіру бөліміне жібереді. Құжаттарды жинау мен сатып алуды сүйемелдеуді арнайы бөлім атқарады.

Компания жаңа механизмнің алғашқы нәтижелерін барлық өңірлердегі сатып алулар аяқталғаннан кейін талдап, қызметкерлерден кері байланыс жинамақ.

«Қазақмыс» басшылығының айтуынша, жедел сатып алу картасы - еңбек ұжымдарымен кездесулер кезінде айтылған ұсыныстардың нақты іске асуының алғашқы мысалдарының бірі. Яғни қызметкерлердің мәселесі айтылып қана қоймай, оны шешуге арналған нақты механизм енгізіліп отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp