Қайтарылған активтер есебінен Жамбыл облысында салынып жатқан «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жобаны жүзеге асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлінді.
Жаңа станса іске қосылғаннан кейін Шу және Мойынқұм аудандарындағы 84 мыңнан астам тұрғын тұрақты табиғи газбен қамтылады. Сонымен қатар тұрғын үйлер, орталық қазандық пен кәсіпкерлік нысандары көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіледі.
Қазір бұл өңірге газ 100 шақырымнан астам қашықтықтағы «Қордай» газ тарату стансасы арқылы жеткізіліп келеді. Оның қуаты тұтынушылар санының артуына сай келмейтіндіктен, жаңа нысан бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Құрылыс алаңында бүгінде 29 қондырғы мен жабдық орнатылып, инженерлік коммуникацияларды қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін жаңа тұтынушыларды газ желісіне қосуға техникалық шарттар беру де қайта басталады.