Мазмұнға өту
qandastar.

20 жылға жуық талқыланған: «Қазақмыстың» жаңа командасы көптен күткен жобаны іске қосты

Малика Хамит · · 528 қаралым
20 жылға жуық талқыланған: «Қазақмыстың» жаңа командасы көптен күткен жобаны іске қосты

«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытындағы газ тазарту жүйесін түбегейлі жаңғыртпақ, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

18 тамызда «Қазақмыс» пен China National Chemical Engineering Company (CNCEC) тобына кіретін компаниялар консорциумы жаңа күкірт қышқылы цехын салу туралы келісімге қол қойды. Келісімшарттың құны – 213,76 млн доллар.

Жоба зауыттың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Себебі кәсіпорындағы металлургиялық газдарды өңдеу жүйесінің негізгі бөлігі 1970-жылдары іске қосылған. Қазір бұл технологияларды жаңарту қажеттілігі туындап отыр.

Жаңғырту аясында жаңа күкірт қышқылы цехы салынып қана қоймай, технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесі де толық жаңартылады. Зауытқа заманауи электр сүзгілері, салқындату мұнаралары және газ тазартуға арналған басқа да жабдықтар орнатылады. Өндірістік процестерді бақылау мен басқару жүйелері де автоматтандырылады.

Жоба аяқталғаннан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейін 99 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл күкірт диоксиді шығарындыларын азайтып, Жезқазғанға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа цех жылына 350 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіре алады. Сонымен қатар сағатына 300 мың текше метрге дейін технологиялық газды өңдеуге қауқарлы болады.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін басталуы жоспарланған. Нысанды 2028 жылы алдын ала пайдалануға беру көзделіп отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 29 айға созылады.

«Қазақмыс» үшін бұл – тек жаңа өндірістік нысан салу емес, Жезқазған мыс балқыту зауытын ұзақ мерзімге жаңғырту бағдарламасының маңызды бөлігі. Компания жобаның негізгі мақсаты өндірісті заманауи экологиялық талаптарға бейімдеп, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жаңа цехтың құрылысы Жезқазғанның экологиялық қауіпсіздігі мен кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақтылығына бағытталғанын айтты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp