Мазмұнға өту
qandastar.

2026-2027 оқу жылына 75 мыңға жуық білім гранты бөлінді: ең сұранысқа ие бағыттар аталды

Бақытжан Мұса · · 34 қаралым
2026-2027 оқу жылына 75 мыңға жуық білім гранты бөлінді: ең сұранысқа ие бағыттар аталды

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Биыл грант конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам талапкер өтініш берген. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында педагогикалық ғылымдар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бар.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева гранттар еңбек нарығындағы мамандарға деген қажеттілікке сай бөлінгенін атап өтті.

2026-2027 оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша шамамен 75 мың мемлекеттік грант қарастырылған. Оның 60 пайызы инженерлік-техникалық бағыттарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20 пайызы басқа салаларға бөлінген.

Грант иегерлері ҰБТ нәтижелері, талапкерлердің таңдауы және заңнамада белгіленген квоталар негізінде анықталды.

Мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы 2026 жылғы 7 тамызда сағат 15:00-де жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp