2026 жылғы 1 ақпаннан бастап биіктігі 28 метрден асатын жаңа құрылыс нысандары мен адамдар жаппай болатын ғимараттарды пайдалануға беру үшін өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу міндетті болады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тиісті қорытындыны алу үшін құрылыс нысандарында өрт қауіпсіздігі бойынша барлық белгіленген талаптар орындалуы қажет.
Атап айтқанда, өртке қарсы қорғау жүйелерінің жарамдылығына, өрт дабылының жұмыс істеуіне, адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды басқару жүйелерінің жағдайына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар ғимараттарда өрт сөндіру құралдары болуы және олардың жұмысқа жарамдылығы қамтамасыз етілуі тиіс. Эвакуациялау жолдары да кедергісіз әрі ашық болуы қажет.
ТЖМ өкілдері өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарты екенін еске салады.