Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханаларда жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Қосымша ақы медицина қызметкерлерінің үздіксіз еңбек өтілі мен жұмыс жүктемесін ескере отырып белгіленеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Үкімет отырысында мәлімдеуінше, бастама Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырманы жүзеге асыру аясында ұсынылған. Оның мақсаты – медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін нығайту және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту.
Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында сегіз перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Балалар шұғыл көмек көрсету орталығы және Балалар хирургиясы орталығы бар.
Бұдан бөлек, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының бес өңіраралық филиалын және 25 амбулаториялық-емханалық нысанды салу көзделген. Жоспарға аудандық ауруханалар, жедел жәрдем стансалары мен қан орталықтары да кіреді.
Министрдің айтуынша, жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылым салынып, жаңартылады. Сондай-ақ стационарлардағы төсек-орын саны 9,2 мыңға ұлғайып, амбулаториялық көмек көрсету қуаты бір ауысымда 5 мыңнан астам келушіге артады.
Жоспарланған шаралар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмекті дамытуға және денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.