Мазмұнға өту
qandastar.

26.06.26: Қазақстанда бір күнде 4 мыңнан астам жұп неке қиюға өтініш берді

Бақытжан Мұса · · 24 қаралым
26.06.26: Қазақстанда бір күнде 4 мыңнан астам жұп неке қиюға өтініш берді

2026 жылғы 26 маусым – 26.06.26 күні Қазақстанда мыңдаған жұп некесін қидырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, осы күнге неке қию үшін еліміз бойынша 4 мыңнан астам өтініш түскен. Ең көп өтініш Алматы қаласында тіркелсе, одан кейін Астана мен Шымкент орналасқан.

Өтініштер саны бойынша Алматыда – 830, Астанада – 740, ал Шымкентте 141 жұп некесін тіркеуге өтініш берген.

Әлеуметтік желілерде әдемі күнге сәйкес некесін қидырғысы келген жұптардың көптігі қызу талқыланды. Қарағанды қаласында неке тіркеуге келгендердің ұзын-сонар кезегі бейнеге түсіп, көпшіліктің назарын аударды.

Желі қолданушылары бұл үрдіске әртүрлі пікір білдірді. Бірі мұндай ерекше күнді таңдауды қолдаса, енді бірі бастысы отбасының берік болуы екенін атап өтті.

«Азаматтарға арналған үкімет» өкілдерінің айтуынша, Алматыда некеге тұратындардың орташа жасы қалыңдықтар арасында 29 жас болса, күйеу жігіттер арасында 32 жасты құрайды.

Айта кетейік, 26.06.26 күніне неке қиюға өтініш қабылдау 11 маусымда аяқталған. Азаматтар өтінішті АХАТ бөлімшелері, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы алдын ала рәсімдей алады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp