Жамбыл облысының Шу ауданындағы Көкқайнар ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Күрес пен бокс үйірмелеріне арналған заманауи нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында салынды.
Жоба «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандумы аясында жүзеге асқан. Жалпы ауданы 481,6 шаршы метрді құрайтын кешен барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған және келушілерді қабылдауға толық дайын.
Спорт кешенінде күрес және бокс залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, жуыну орындары, санитарлық тораптар мен жаттықтырушылар кабинеті қарастырылған. Бір ауысымда мұнда шамамен 30 бала мен жасөспірім жаттыға алады. Әр спорт залында бір мезетте 15 адамға дейін шұғылдануға мүмкіндік бар.
Нысан аумағында автотұрақ пен ашық аспан астында жаттығуға арналған спорт алаңы да жабдықталған. Жобаға салынған инвестиция көлемі 268,5 миллион теңгені құрады.
Жаңа кешеннің ашылуы ауыл тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырып, жас спортшыларды дайындауға және түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Бұл бастама өңірлердегі әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы саналады.