«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылғы 29 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады, дейді Qandastar.kz.
Мамандардың мәліметінше, дүйсенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарда нөсер жаңбыр күтіледі.
Республика аумағында желдің күшеюі болжанып отыр. Ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Солтүстік-батыста түнгі және таңғы уақытта тұман түсу ықтималдығы бар.
Күндіз Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарында, сондай-ақ Қарағанды облысының орталық бөлігінде ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі.
Жетісу облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Павлодар және Абай облыстарында аптап ыстық күшейіп, сынап бағаны +40...+41 градусқа дейін жетеді.
Сонымен қатар Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының бірқатар аумақтарында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
Ал Жетісу, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау, Ұлытау және Абай облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі жарияланды.