Фото: Dalanews.kz.
Бас прокуратура Жоғарғы аудит палатасының (ЖАП) аудит қорытындысы бойынша анықталған ірі көлемдегі қаржылық бұзушылықтарға байланысты “СҚ-Фармация” ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде хабарлады.
Анықталған бұзушылықтар
Депутаттың мәліметінше, ЖАП жүргізген аудит барысында мынадай деректер анықталған:
“Инфекциялық ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы” АҚ:
- 166,4 миллион теңгеге жалған клиникалық зерттеулер жүргізілген;
- жеткізілмеген жабдыққа байланысты 36,7 миллион теңге негізсіз игерілген.
“СҚ-Фармация” ЖШС:
- дәрілік заттарды сатып алу кезінде бюджетке келтірілген болжалды шығын — 35,8 миллиард теңге.
“КазМедПром” ЖШС:
- медициналық қолғаптарды жеткізу кезінде бағаның асыра көрсетілуіне байланысты 5,3 миллиард теңге көлемінде қаржы тиімсіз пайдаланылған.
Тергеу барысы
Дәрі-дәрмек сатып алудағы 35,8 миллиард теңге көлеміндегі шығын фактісі, сондай-ақ “КазМедПром” ЖШС тарапынан медициналық қолғаптарды жоғары бағамен сату оқиғасы Бас прокуратураның ақпараттарды есепке алу кітабына (АЕК) тіркеліп, процестік шешім қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне берілді
Сонымен қатар, жалған зерттеулер мен 200 миллион теңгеден астам мақсатсыз қаржы игеру бойынша “Инфекциялық ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы” АҚ-ның қызметін тексеру үшін Алматы қаласының прокуратурасына тапсырма жолданған.
Бас прокуратура сондай-ақ “СҚ-Фармация” ЖШС мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қатысты қосымша тексерулер бастау туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, “СҚ-Фармация” ЖШС - Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы. Компания дәрі-дәрмек сатып алу, сақтау және елдегі медициналық ұйымдарға жеткізумен айналысады.
Еске сала кетейік, 4 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында Жоғарғы аудит палатасының төрағасы Әлихан Смайылов елдегі дәрі-дәрмекпен қамту жүйесін қатты сынға алған болатын.