Алматы облысының тауларында құтқарушылар күрделі операцияға кірісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Талғар ауданындағы Северцев мұздығында туристік жабдықтардың арасынан адам сүйектері анықталған.
Оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желіде Анастасия Ахметова жариялаған. Оның мәліметінше, 16 тамызда тауда жаяу жүріп келе жатқан беларусьтік туристер мұздық маңынан адам сүйектерін байқап, оқиғаны видеоға түсірген. Саяхатшылар жағдайды тиісті қызметтерге хабарлап, оқиға орнының координаттары, фотосуреттері мен бейнематериалдарын жолдаған.
Автор бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, адам сүйектерінің тауда ұзақ уақыт бойы жатқанына назар аударған. Оның сөзінше, осы жазда бірнеше туристік топ дәл осы аумақ арқылы өткен.
Сондай-ақ бұған дейін, 2025 жылы, туристік топтардың маршруттық есептерінде аталған жерде адам денесі жатқаны туралы мәлімет болған. Кейін мұны көрген саяхатшылар мәйіттің таудан шығарылып кеткенін болжаған.
Оқиғаға байланысты ақпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне беріліп, ведомство мәліметті полицияға жолдаған.
ТЖМ мән-жайды айтты.
«Барыс» республикалық құтқару жасағының мамандары мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы Северцев мұздығына жіберілді. Құтқарушылар мәйітті шамамен 4300 метр биіктіктен төмен түсіруі тиіс.
Операцияны таулы аймақтың күрделі рельефі мен нысанның қолжетімсіздігі қиындатып отыр.
Мәйіт таудан түсірілгеннен кейін Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне беріледі. Бұдан кейін оның кім екені анықталып, оқиғаның мән-жайы зерттеледі.