Қазақстанда 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке дайындалуға қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026–2027 оқу жылы қарсаңында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында шамамен 450 мың бала қолдауға ие болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
Қаржылай көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі.
Төлемді рәсімдеу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды бала оқитын білім беру ұйымына тапсыруы тиіс.