Қазақстанда базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қалды — Ұлттық Банк оны жылдық 18% деңгейінде ұстап отыр. Инфляцияның сәл төмендеуіне қарамастан, реттеуші қатаң ақша-несие саясатын өзгертуге әлі дайын емес. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеп хабарлады.
Соңғы деректерге сәйкес, елдегі инфляция баяулап келеді. 2026 жылғы наурыз айында жылдық көрсеткіш 11% болды, ал ақпанда 11,7% еді. Бағаның өсуі азық-түлік, тауарлар және қызмет көрсету салаларында сақталғанымен, қарқыны біршама төмендеген.
Сарапшылар инфляцияның баяулауын бірнеше фактормен байланыстырады: қатаң ақша саясаты, теңге бағамының тұрақтануы және халықтың несие алуының азаюы. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының уақытша ұсталып тұруы да әсер еткен.
Айлық инфляция да төмендеді: наурызда 0,6% болса, ақпанда 1,1% болған. Дегенмен баға өсімі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Сол себепті Ұлттық Банк мөлшерлемені төмендетуге асығар емес. Халықтың инфляцияға қатысты күтулері де жоғары — шамамен 14,6%. Ал мамандар жыл соңына қарай инфляция 10% деңгейінде болады деп болжайды.
Сыртқы факторлар да ықпал етуде. Әсіресе Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты әлемде энергия мен азық-түлік бағасының өсуі байқалады, бұл Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін.
Жалпы алғанда, ел экономикасы өсім көрсетіп отыр. Жылдың алғашқы тоқсанында өсім 3% болды. Құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары негізгі драйверлерге айналған.
Ұлттық Банк алдағы уақытта жағдай жақсарса, базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін. Алайда қазіргі кезде инфляция толық тұрақталмағандықтан, ставка өзгеріссіз қалды. Келесі шешім 2026 жылғы 5 маусымда жарияланады.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап ипотека алу шарттары қатаңдайды. Банктер қарыз алушыларды мұқият тексеріп, төлем қабілетін бағалау талаптарын күшейтеді. Енді тек зейнетақы аударымдары арқылы расталған ресми табыс есепке алынады. Бұған қоса, табысты дәлелдемей немесе қосымша кепілсіз ипотека алу мүмкін болмайды.