Солтүстік Қазақстан облысында бір сиырды іздеуге полицейлер екі күн уақыт жұмсаған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Алайда іздестіру жұмыстарының нәтижесінде малдың ұрланбағаны, оны иесінің өзі сатып жібергені белгілі болды.
Оқиға Есіл ауданында болған. Ауыл тұрғыны полицияға хабарласып, үйінен шығып кеткенде қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайтып келгенде қара сиырының жоғалғанын айтқан. Әйелдің сөзінше, сиырдың басы мен бауыр тұсында ақ дақтары болған.
Хабарлама түскен соң тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Алдымен мал ұрлығы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп, кейін сиырды іздеуге жұмылдырылды.
Іздестіру жұмыстарына аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері қатысқан. Олар ауылды және оның маңындағы аумақтарды аралап, тұрғындардан сұрастырды. Келесі күні іздеу жұмыстарына көршілес ауылдардың учаскелік инспекторлары, кинолог қызметтік итпен және дрон операторы қосылды. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары да тексерілді.
Алайда екі күндік іздестірудің нәтижесінде күтпеген жайт анықталды. Сөйтсе, әйел сиырын басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген екен.
Ол малды әпкесіне қаржылай көмектесу үшін сатқанын түсіндірген. Бірақ бұл шешімін күйеуімен келіспегендіктен, жұбайынан жасыру мақсатында полицияға сиырдың жоғалғаны туралы жалған хабар берген.
Осылайша, әйелдің өтірігі әшкере болып, өзі де жауапкершіліктен құтыла алмады. Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін ол заң аясында жауапқа тартылды.
Полиция азаматтарға жалған хабарлама бермеуді ескертеді. Өйткені мұндай әрекет құқық қорғау органдарының уақытын алып, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жедел жетуіне кедергі келтіруі мүмкін.