Мазмұнға өту
qandastar.

6 млн теңгенің алтыны жоқ: көкшетаулық жігіт алаяқтарға алданып қалды

Малика Хамит · · 634 қаралым
6 млн теңгенің алтыны жоқ: көкшетаулық жігіт алаяқтарға алданып қалды

Көкшетауда 21 жастағы тұрғын күрделі алаяқтық схеманың құрбаны болып, құны 6 миллион теңгеден асатын отбасылық алтын бұйымдарды қаскөйлерге беріп қойған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Полицияның мәліметінше, оқиға 29 мамыр күні басталған. Алдымен жас жігітке өздерін ұялы байланыс операторының қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласып, SIM-картаны жаңарту қажет екенін айтқан. Олар сенімге кіріп, SMS арқылы келген растау кодын алдап алған.

Көп ұзамай оған өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған әйел қоңырау шалып, азаматтың атына алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын жеткізген. Ол «мүлікті декларациялау» үшін үйдегі құнды заттарды, оның ішінде алтын әшекейлерді суретке түсіруді талап еткен. Жас жігіт барлық нұсқауларды орындап, алаяқтармен байланысын жалғастырған.

Келесі күні қаскөйлер жаңа тәсілге көшкен. Бұл жолы өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласып, отбасының банктік шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдарды қаржыландыру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

Психологиялық қысымға шыдамаған жас жігіт анасына тиесілі барлық алтын бұйымдарды жинап, алаяқтардың нұсқауымен белгіленген жерге апарып қалдырған. Жалпы құны 6 миллион 120 мың теңге болатын 18 алтын бұйым осылайша қаскөйлердің қолына өткен. Кейін ол тапсырманың орындалғанын дәлелдеу үшін зергерлік бұйымдардың жасырылған орны түсірілген бейнежазбаны да жіберген.

Алаяқтық 31 мамыр күні ғана белгілі болды. Үйдегі алтындардың жоғалғанын байқаған анасы полицияға ұрлық фактісі бойынша арызданған. Тергеу барысында оның ұлы мұқият жоспарланған интернет-алаяқтық схемасының құрбаны болғаны анықталды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp