Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады

Бақытжан Мұса · · 16 қаралым
Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға басымдық берілетін бағыттарды атады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордға сілтеп хабарлады.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық серіктестермен бірге теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтіп, жүк тасымалы авиациясы мен шекара маңы инфрақұрылымын дамытуда.

«Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны 3 мыңға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикадағы көлік хабы ретіндегі рөлін күшейтеді.

Президент өнеркәсіптік ынтымақтастықты да маңызды бағыт ретінде атады. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы металлургия, мұнай-газ химиясы, энергия жинақтау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды атап өтті. Сонымен қатар ол өндірістік экожүйе қалыптастырып, бірлескен өнімдерді Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа нарықтарына шығарудың маңызын айтты.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Президент тау-кен металлургиясы кешені мен цифрландыруды да екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында атады. Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір және сирек кездесетін металдардың мол қоры бар екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы серіктестікті кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі. Елордада қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарланып отыр.

«Жемісті технологиялық серіктестігіміздің бір мысалы Alatau City жобасынан айқын көрінеді. Бұл ауқымды бастама Қытай, Орталық Азия және Еуропа кеңістігіндегі белсенді іскерлік қатынастар мүйісіне айналуды көздейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу: Telegram WhatsApp