ШҚО-да кәсіпкер 70 мың тоннадан астам кенді заңсыз өндіріп, 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы Бектемиров заңсыз кен өндіруге байланысты бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, компанияның лицензиясы пайдалы қазбаларды барлау жұмыстарын жүргізуге ғана мүмкіндік берген. Алайда кәсіпорын «зертханалық және технологиялық зерттеу» деген сылтаумен темір кенін өнеркәсіптік көлемде өндіріп, оны Қазақстанда және шетелде сатқан.
Нәтижесінде 70 мың тоннадан астам темір кені мен концентраты заңсыз өндіріліп, өткізілген. Осыдан түскен табыс 1 млрд теңгеден асып кеткен.
Кен өндіру жұмыстары қоршаған ортаға да әсер еткен. Топырақ жамылғысы бүлініп, жер бедері өзгерген, аумақта тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпкер заңсыз табысқа қымбат мүлік сатып алған. Оның ішінде Land Rover көлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық нысан, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер телімі бар.
Сот бұл мүліктерді мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Олардың жалпы құны 1 млрд теңгеден асады.
Бектемиров бір жылға бас бостандығынан айырылды.