Мазмұнға өту
qandastar.

705 млн теңге залал: Қазақстанның үш өңірінде көлік заңсыз тіркелген

Малика Хамит · · 742 қаралым
705 млн теңге залал: Қазақстанның үш өңірінде көлік заңсыз тіркелген

Ақтөбе облысында жүк және жеңіл автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген.

Тергеу мәліметінше, ұйымдасқан топ Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жалпы 82 көлікті заңсыз есепке қойған. Олардың арасында N3 санатындағы жүк тартқыштар мен M1 санатындағы жеңіл көліктер болған.

Құрамында тоғыз адам болған топқа автоинспектор мен нотариус та кірген. Күдіктілер клиенттерді мессенджерлер мен интернет арқылы тауып, міндетті төлемдерсіз көлік тіркеу қызметін ұсынған.

Тергеу барысында ұйымдастырушы көлік мәліметтерін ішкі істер органдары қызметкеріне жіберіп отырғаны анықталған. Ол өз кезегінде техникалық сипаттамалары ұқсас, бұрын есептен шығарылған көліктерді іріктеген.

Кейін жалған сатып алу-сату келісімдері мен сенімхаттар рәсімделіп, құжаттар арнайы ХҚКО арқылы өткізілген. Нотариустық рәсімдер көлік иелерінің қатысуынсыз жүргізілгені айтылды.

Ведомство мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 705 млн теңгені құраған.

Сот санкциясымен күдіктілердің құны 2,4 млрд теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Бес адам қамауға алынып, тағы үшеуі үйқамаққа жіберілген.

Қылмыстық іс сот қарауына жолданды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp