Мазмұнға өту
qandastar.

77 жастағы әйелді қағып, қашып кеткен: ХҚКО қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр

Малика Хамит · · 48 қаралым
77 жастағы әйелді қағып, қашып кеткен: ХҚКО қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр

Алматы облысында қызметтік көлік мінген ХҚКО қызметкері 77 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Әйел алған жарақатынан қаза болды. Жол апатынан кейін жүргізуші оқиға орнын тастап кеткен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қайғылы жағдай 11 тамыз күні кешкі уақытта Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт автожолында болған. Полиция мәліметінше, шамамен сағат 20:00-де Kia Sorento көлігі жолды кесіп өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен.

Апаттан кейін 26 жастағы жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін ол полиция тарапынан ұсталып, қамауға алынған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жол апатына қызметтік көлік қатысқанын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да растады.

Оқиғадан кейін мекеме ішкі қызметтік тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша филиалдың бірнеше лауазымды тұлғасына тәртіптік жаза қолданылған.

Атап айтқанда, филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтік көліктің бақылауын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және қызметтік ақпаратты толық әрі объективті ұсынбағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Ал филиал директоры қызметті басқару мен бақылауды тиісті деңгейде жүзеге асырмағаны, ішкі бақылау жүйесін дұрыс ұйымдастырмағаны және қызметтік мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапқа тартылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» қаза болған әйелдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша жүргізушінің жауапкершілігіне қатысты түпкілікті шешім қабылданады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp