Қазақстанға талапқа сай келмей әкелінген көліктерді қалай заңды етіп көрсетуге болады?
Алматы облысында бір топ адам осы сұрақтың «жауабын» тапқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бірақ заңсыз схема ұзаққа бармай, ақыры сотпен аяқталды.
Тергеу дерегінше, қылмыстық топ екі жыл бойы көліктерді айналып өтіп тіркеумен айналысқан. Осы уақыт ішінде олардың көмегімен 851 көлік есепке қойылған.
Алғашқы кезеңде сөз жүк көліктері туралы болған. Топ Қазақстанға техникалық талаптарды бұзып кіргізілген 642 жүк көлігін тіркеген.
Кейін схема өзгерген. Бұл жолы жеңіл көліктерге бұрын Қазақстанда тіркелген, бірақ кейін есептен шығарылған машиналардың VIN-кодтары берілген. Яғни жаңа көлікке ескі көліктің деректері «жабыстырылған». Осындай тәсілмен тағы 209 көлік тіркеуден өткен.
Мұның бәрі мемлекетке тиесілі төлемдерді айналып өту үшін жасалған. Нәтижесінде қазынаға түспей қалған тіркеу алымы 5,4 млрд теңгеге, ал утиль алымы 1,2 млрд теңгеге жеткен. Жалпы сома — 6,6 млрд теңгеден астам.
Схеманың ішінде әркімнің өз міндеті болған. Іске полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО мамандары және нотариустар араласқан. Бірі ақпараттық жүйеге қажетті мәліметтерді енгізсе, енді бірі жалған сенімхаттарды рәсімдеген.
Тергеу басталғаннан кейін көлік иелері төленбей қалған алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен өтей бастаған. Осылайша мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Ал сот 17 адамды кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар қылмыстық табысқа алынған бес көлік мемлекетке тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды, ал іске қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.