«Қазақмыс» құрамындағы Қарағанды құю-машина жасау зауыты өнеркәсіпке қажетті 12 мыңнан астам түрлі өнім өндіреді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кәсіпорын қарапайым қосалқы бөлшектерден бастап, күрделі тау-кен жабдықтарына дейін шығарады.
1941 жылы негізі қаланған зауыт биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бүгінде кәсіпорынның өндірістік аумағы 19 гектардан асады. Мұнда 644 бірлік жабдық жұмыс істейді. Олардың қатарында Еуропа мен Жапонияда шығарылған заманауи цифрлық қондырғылар мен автоматтандырылған дәнекерлеу кешендері бар.
Зауытта 800-ге жуық маман 75 түрлі жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өнімді жобалаудан бастап, дайын күйінде шығаруға дейінгі толық өндірістік циклдің болуы.
Мұнда шахталық жабдықтар, диірмендер, шөміштер және тау-кен байыту кәсіпорындарына арналған түрлі бөлшектер өндіріледі. Зауыт өнімдері Қазақстандағы өнеркәсіп орындарында қолданылып қана қоймай, шетелге де экспортталады.
Заманауи технология, инженерлік әлеует пен білікті мамандардың арқасында Қарағанды зауыты отандық тау-кен металлургия саласын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ететін маңызды өндіріс орындарының бірі саналады.