Мазмұнға өту
qandastar.

88 млн теңге және жалған ақпарат: Гүлнар Бажкеноваға сот үкімі шықты

Малика Хамит · · 26 қаралым
88 млн теңге және жалған ақпарат: Гүлнар Бажкеноваға сот үкімі шықты

Алматыда «Орданың» бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бостандық ауданының №2 аудандық соты оны сеніп тапсырылған қаражатты жымқыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныған.

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында ол өзі басқарған компанияның шоттарынан 88,1 млн теңгені шығарып, қаражатты жалған қызметтерге төлем ретінде бақылуындағы кәсіпкердің шотына аударған. Сондай-ақ бұл ақшаның бір бөлігі ұлының халықаралық мектептегі оқу ақысына жұмсалған.

Бұдан бөлек, сот Бажкенованы кәсіпкер ретінде тіркелмей, Алматыда пәтерлерді сатып-сату арқылы 121,2 млн теңге табыс тапқан деп таныған. Бұл қызметтен тиісті салық төленбеген.

Сондай-ақ 2024–2025 жылдары «Орда» ақпараттық-талдамалық порталының бас редакторы болған кезде интернет пен әлеуметтік желілерде 8 эпизод бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқаны анықталған. Сот бұл әрекеттер азаматтар, ұйымдар мен мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргенін атап өтті.

Сот үкімі бойынша Бажкенова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге оған 5 жыл бойы журналистика, БАҚ, блог жүргізу және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салынды. БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты қызметтер атқару құқығынан да айырылды.

Алайда 14 жасқа толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сот материалдық залалды өтеу үшін 95,9 млн теңге, мемлекеттік баж ретінде 2,8 млн теңге, сондай-ақ заң көмегі мен процестік шығындарға 6,8 млн теңге өндірді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp