Жамбыл облысында қатарластарының соққысына жығылған 14 жастағы мектеп оқушысы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Баланың жағдайы ауыр, қазіргі уақытта медициналық комаға енгізілген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысын өзінен үлкен жасөспірімдер ұрып-соққан. Кеуде тұсынан соққы алған бала есінен танып, ауруханаға жеткізілген.
Министрдің айтуынша, қазір баланың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оны әзірге басқа медициналық мекемеге тасымалдауға болмайды деп есептейді.
«14 жастағы баланың жағдайы, шын мәнінде, нашар, қазір комада жатыр. Оны медикаментоздық кома деп айтамыз. Баланың жағдайы тасымалдауға келмейді. Біздің шұғыл жағдайдағы медициналық көмек көрсету ұйымы телемедицина арқылы тиісті консультациялар беріп, баланы бақылауға алды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін санитариялық авиациямен Астанаға жеткізетін боламыз», – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі брифингте.
Қазір дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандыруға күш салып жатыр. Науқасты елордаға жеткізу мәселесі оның денсаулығы мүмкіндік бергеннен кейін шешіледі.