Мазмұнға өту
qandastar.

Абай облысында 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін

Малика Хамит · · 97 қаралым
Абай облысында 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесу барысында облыс әкімі 2025 жылдың қорытындылары мен биылғы алғашқы төрт айдағы нәтижелер туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен.

Биыл қаңтар-сәуір аралығында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім байқалған.

Әкімнің мәліметінше, облыстың инвестициялық жобалар пулы айтарлықтай кеңейген. Былтыр 29 жоба болса, бүгінде олардың саны 112-ге жеткен. Ал тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқан.

Өңірде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, Семей қаласындағы 714 миллиард теңгелік жаңа жылу электр орталығы және 255 миллиард теңге көлеміндегі тау-кен байыту комбинаты бар.

Сондай-ақ Семейде арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аумақта жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асырып, 2500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.

Кездесуде Алакөл туристік аймағын дамыту мәселесі де қаралды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын қайта жаңарту жұмыстарына Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семейдегі жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар таныстырылды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Президент «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp