2025 жылғы 15-16 мамыр күндері Абай облысында қазақы тазы тұқымына арналған екі бірдей тұқымдық байқау ұйымдастырылды. Іс-шаралар Бозай ауылында және Аягөз қаласында өтіп, ұлттық ит тұқымын сақтау, бағалау және дамыту бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі болды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты 24.kz порталына сілтеп хабарлады.
Байқауларға тазы иелері, өсірушілер және ұлттық мұраға бейжай қарамайтын тұрғындар қатысты. Қатысушылар қазақы тазыны тек аңшылық иті емес, қазақтың дәстүрі мен мәдениетінің бір бөлігі ретінде бағалайтынын атап өтті.
Екі күн бойы Қазақстан кинологтар одағының мамандары иттерге сараптамалық бағалау жүргізіп, иелеріне тұқым стандарты мен өсіру талаптары жөнінде кеңес берді.
15 мамырда Бозай ауылында өткен байқауға 46 қазақы тазы тіркелді. Нәтижесінде 5 ит «өте жақсы», ал 2 ит «жақсы» деген бағаға ие болды. Мамандар бұл шара ит иелеріне өз жануарларының ерекшеліктерін анықтап, кәсіби пікір алуға мүмкіндік бергенін айтты.
Ал 16 мамырда Аягөз қаласында өткен байқауға қызығушылық одан да жоғары болды. Мұнда 121 тазы тіркеліп, олардың 21-і «өте жақсы», 12-сі «жақсы» деген бағамен марапатталды. Қатысушылар тұқымдық белгілер, асылдандыру жұмыстары және құжат рәсімдеу мәселелері бойынша белсенді түрде сұрақтар қойған.
Мамандардың айтуынша, мұндай байқаулар қазақы тазы қорын жүйелі түрде есепке алып, ресми стандартқа сай келетін иттерді анықтауға және болашақ асылдандыру жұмысына негіз қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен қатар Қазақстан кинологтар одағы ұлттық тұқымды дамытуға үлес қосқан бірқатар тазы жанашырларын алғыс хаттармен марапаттады. Одақ президенті Бауыржан Серікқали алдағы уақытта өңірлерде тұқымдық жұмыстарды күшейту үшін арнайы мамандар даярлау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.