Абай облысында бес жасар баланы полицейлер жедел түрде ауруханаға жеткізді. Оқиға 15 тамыз күні Семей – Өскемен автожолында болған. Volkswagen көлігінің жүргізушісі жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек сұрап, бес жасар баланың аяғы ауыр жарақат алып, қатты қансырап жатқанын жеткізген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Белгілі болғандай, Жаңасемей ауданының Гранитный ауылының тұрғынының баласы ойнап жүріп, үйдің шыны есігін сындырып алған. Сынған шыны баланың аяғын терең кесіп, көп қан жоғалтқан.
Жағдайдың шұғыл екенін түсінген полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смагулов анасы мен баланы патрульдік көлікке отырғызып, облыстық ауруханаға небәрі 12 минут ішінде жеткізген. Дәрігерлер бүлдіршінді бірден қабылдап, шұғыл операция жасаған.
[embed]https://youtu.be/kP34-z6B5xI?si=U__pNQngyk3UK11d[/embed]
Баланың анасы полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ұлына дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенін айтып, тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.