Қазақстанда сәуір айында өткен ауқымды "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы "Рolisia.kz"-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталған.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ең шулы оқиғалардың бірі Қызылорда облысында тіркелді. Тергеу мәліметінше, жаңа туған сәбиді 1 миллион теңгеге сатпақ болған схема әшкереленген. 25 жастағы әйел баладан бас тартқаннан кейін, қоғамдық қор жетекшісі делдал болып, нәрестені асырап алу үшін 50 жастағы тұрғынға ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматыда тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды пайдаланып, олардың атына қымбат көліктер рәсімдеп сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар алдымен жалған оң несие тарихын жасап, кейін азаматтардың атына автокөліктер рәсімдеген.
Жетісу облысында екі жас жігітті ұрлап кетіп, бір ай бойы күштеп жұмыс істеткендер анықталды. Күдіктілер оларды тұрмыстық химия өндірісіне жеккен. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.
Абай облысында бірнеше қалада вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар жас қыздарды іздеп тауып, заңсыз түсірілімдерге тартқан.
Сонымен қатар Астана, Алматы және бірнеше өңірде жастарды азғын әрекеттерге тарту фактілері бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, АИТВ жұқтыру бойынша 15 іс, порнографиялық материал тарату бойынша 5 іс тергеліп жатыр.
ІІМ адам саудасына қарсы күрес, азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
[video width="1280" height="720" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/04/Saudaga-salyngan-sabi-vebkam-studiya-men-AITV-zhuktyrgandar_-kylmystyk-shemalar-ashkerelendi-online-video-cutter.com-2.mp4"][/video]