Абай облысында аутизм диагнозы бар 7 жастағы бала жоғалып кетіп, полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында аман-есен табылды, деп хабарлайды
порталы.
Оқиға күні таңғы сағат 10:09 шамасында «102» арнасына баласының жоғалғаны туралы әйелден хабарлама түскен. Анасының айтуынша, ұлы таңғы 9:30 шамасында үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Өз күшімен жүргізілген іздеу нәтиже бермеген.
Хабарлама түскен бойда іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары көшелерді, аулаларды, бос жатқан аумақтарды және баланың жүруі мүмкін бағыттарды тексерген.
Шамамен сағат 11:40-та ювеналды полиция қызметкерлері — полиция капитаны Нұрғиса Бектасов пен полиция лейтенанты Темірлан Төлеуғазин баланы ипподром маңынан, үйінен екі шақырымдай жерде тапқан.
Белгілі болғандай, бала ашық далада жалғыз жүрген. Оның үстінде футболкасы болмаған.
Далада ол мүлде жалғыз болды. Кенет қимылдар оны шошытып жіберуі мүмкін екенін түсіндім. Сондықтан оны сабырмен шақырып, ақырын жақындап, көтеріп алдым. Сол сәтте ол жай ғана мойнымнан құшақтап алды. Қызметтік көлікте әріптесім оған мультфильм қосып берді де, біз анасына қарай жол тарттық
Баласының табылғанын естіген анасы көз жасына ерік берген.
Ұлымның табылғанын айтқанда, жүрегім орнына түскендей болды. Бұл менің өмірімдегі ең ауыр сағаттар еді. Полиция қызметкерлеріне адамгершілігі, сабырлығы және көмегі үшін алғыс айтамын. Олар маған баламды қайтарды
Дәрігерлердің мәліметінше, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген.
Абай облысының полиция департаменті бала жоғалған жағдайда уақыт оздырмай бірден полицияға хабарласу қажет екенін еске салды. Ведомство мұндай сәттерде әр минут маңызды екенін атап өтті.
[video width="720" height="1280" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/05/IMG_2650.mp4"][/video]