Мазмұнға өту
qandastar.

Абай облысында мал ұрлығымен айналысқан сегіз қылмыстық топ анықталды

Малика Хамит 13 қаралым
Абай облысында мал ұрлығымен айналысқан сегіз қылмыстық топ анықталды

Абай облысында жыл басынан бері мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 31 адам ұсталып, сегіз қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Сонымен қатар өткен жылдары жасалған мал ұрлығының бес дерегі ашылды.

Өңірде мал ұрлығының алдын алу және заңсыз тасымалға тосқауыл қою мақсатында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Екі күн ішінде полицейлер 100-ден астам автокөлікті тексерді. Бұдан бөлек, мал мен ет сататын 28 орынға, 76 шаруа қожалығына, фермаға және жайылым аумағындағы нысандарға бақылау жүргізілді.

Жарма, Абай және Бесқарағай аудандарында малды топ болып ұрлады деген күдікке ілінген адамдар анықталды. Қазір олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Оның ішінде бұрын полицияға хабарланбаған ұрлық оқиғалары да бар.

Полиция мәліметінше, биыл өңірде мал ұрлығын ашу көрсеткіші 56,4%-дан 70,8%-ға дейін өскен. Бұрынғы жылдардағы бес қылмыстық істің тергеуі де аяқталған.

Мал ұрлығының алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тәркіленген жануарларды уақытша ұстауға арналған 131 арнайы қораның жұмысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзудың 2 487 дерегі және ветеринариялық талаптарды сақтамаудың 339 жағдайы анықталған.

Полиция ауыл тұрғындарына малды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Егер мал жоғалса немесе ұрлыққа күдік туындаса, бірден 102 нөміріне хабарлау қажет. Бұл іздестіруді жедел бастап, ұрланған малдың ықтимал бағыттарын анықтауға көмектеседі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp