Абай облысының полицейлері үш жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысын ашты. Күдікті тергеу барысында марқұмның мәйіті жасырылған жерді көрсетті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Полиция мәліметінше, қылмысты ашу бағытында жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталған.
Тергеу барысында күдікті құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мәйіт жасырылған орынды көрсеткен. Осылайша, бірнеше жыл бойы ашылмай келген қылмыстың мән-жайын анықтауға мүмкіндік туған.
Ішкі істер министрлігі мұндай қылмыстарды ашу жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. Ведомство әрбір қылмысқа құқықтық баға беріліп, кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруі тиіс екенін атап өтті.
Министрлік жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін жеткізді.