"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сот шешімімен мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Еске салайық, 2024 жылы ол алаяқтық арқылы 13,9 млрд теңгені жымқырды деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Жазасын өтеу кезінде Мырзахметов мекемеде оң мінез-құлқымен ерекшеленіп, тәртіптің екінші оң деңгейіне өткен. Осыған байланысты сотқа жүгініп, қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұраған. Сот оның өтінішін қанағаттандырды.
Енді ол бір жылдан астам уақыт пробациялық бақылауда болады. Осы кезеңде заңда көзделген талаптарды сақтауға міндетті және Қазақстан аумағынан шығуына тыйым салынған.
Айта кетейік, Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс аясында бұған дейін мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарылған.