Мазмұнға өту
qandastar.

«Абыз» кенішінде жаңа қор табыла ма? «Қазақмыс» барлау жұмыстарын жүргізуде

Малика Хамит · · 353 қаралым
«Абыз» кенішінде жаңа қор табыла ма? «Қазақмыс» барлау жұмыстарын жүргізуде

Қарағанды облысындағы «Абыз» алтын-полиметалл кен орнында геологиялық барлау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мамандар кеніштің терең қабаттарын зерттеп, оның минералдық-шикізат қорын арттыру мүмкіндігін бағалауда.

«Абыз» кен орны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалына қарайды. Кеніш 2005 жылдан бері игеріліп келеді.

Жоба аясында алты іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Олардың жалпы ұзындығы 5 100 метрден асады. Қазіргі таңда мамандар 1 400 қума метрден астам бұрғылау жұмыстарын орындаған.

Зерттеу жұмыстары бұған дейін анықталған геофизикалық және геохимиялық аномалияларды тексеруге, сондай-ақ кен орнының терең бөліктерінде жаңа перспективалы учаскелердің бар-жоғын анықтауға бағытталған.

Бұрғылау кезінде алынған тау жыныстарының керндері арнайы кешенді зерттеуден өтеді. Оның нәтижесінде мамандар кен орнының үшөлшемді геологиялық моделін нақтылап, перспективалы аумақтарды анықтай алады.

Бұл мәліметтер «Абыз» кенішінің ресурстық әлеуетін бағалауға және оның алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Компанияның мәліметінше, минералдық-шикізат базасын дамыту – «Қазақмыс» тобының стратегиялық бағыттарының бірі. 2026 жылы компания геологиялық барлауға бөлінетін қаржыны ұлғайтып, перспективалы учаскелердегі бұрғылау көлемін арттырды.

Барлау жұмыстары қолданыстағы кен орындарының қорын нақтылаумен қатар, жаңа кен денелерін іздеуге және терең қабаттардың мүмкіндігін зерттеуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp