ӘDILET партиясы ай сайынғы мүшелік жарнаның мөлшерін бекітті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тиісті шешім партияның съезінде қабылданды.
Қабылданған қаулыға сәйкес, жұмыс істейтін партия мүшелері ай сайын 0,1 АЕК, яғни 432,5 теңге төлейді. Студенттер үшін жеңілдетілген мөлшерлеме қарастырылған – 0,01 АЕК немесе 43,2 теңге. Сонымен қатар, партия мүшелері өз еркімен белгіленген сомадан артық жарна аудара алады.
Ал бірқатар санаттағы азаматтар мүшелік жарна төлеуден босатылады.
Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, жұмыссыздар, бала күтіміне байланысты демалыста жүргендер және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған заңды өкілдер бар.
Еске сала кетейік, ӘDILET партиясының құрылтай съезі 7 мамырда өткен. Ал 1 маусымда саяси ұйым Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Кейін оның құрамына AMANAT партиясы қосылды. Партияны Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы басқарады.