«Әділет» партиясының Іскерлік кеңес отырысында Қазақстандағы орта бизнесті дамыту және отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау мәселелері талқыланды. Жиынға бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесуде компаниялардың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Іскерлік кеңес орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту және қазақстандық өнімді шетел нарықтарына шығару қажеттігін атап өтті.
«Әділет» партиясының бағдарламасында орта бизнестің экономикадағы үлесін 7 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру және бес жыл ішінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын 2 миллионға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Алайда орта бизнеске жататын заңды тұлғалардың үлесі шамамен 0,2 пайызды құрайды.
Іскерлік кеңес бұған дейін түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізіп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинаған. Олардың бір бөлігі партияның экономикалық бағытына енгізілген.
Айбек Дәдебай әрбір шара нақты деректерге сүйеніп, кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен шектеулерін ескеруі керек екенін айтты. Оның пікірінше, нәтижелер инвестиция көлемі, жаңа өндірістер, жұмыс орындары, отандық өндіріс пен экспорт көрсеткіштері арқылы бағалануы тиіс.