Мазмұнға өту
qandastar.

«Әділет» партиясы тау-кен саласын жаңғырту бастамаларын әзірледі

bahitzhanabzal · · 154 қаралым
«Әділет» партиясы тау-кен саласын жаңғырту бастамаларын әзірледі

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында саяси ұйым төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, отандық өндірісті қолдау және шикізатты терең өңдеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

Кездесу барысында Қазақстанның бай минералды шикізат қорын тиімді пайдалану, жаңа өндіріс орындарын ашу және инженерлік кадрлар даярлау сияқты өзекті тақырыптар ортаға салынды. Айбек Дәдебайдың сөзіне қарағанда, мемлекет шикізатты экспорттап, одан жасалған дайын өнімді шетелден қайта сатып алған кезде негізгі табыс пен жаңа жұмыс орындары Қазақстаннан тыс жерде қалып қояды. Осы орайда шикізатты терең өңдеу ісі өнеркәсіп саясатының басты басымдығына айналуы қажет.

Бұл – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы терең өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Президенттің стратегиялық бағдарын толық қолдайды
деді Партия Төрағасы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл сала елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 8%-ын қамтамасыз етіп, өндірілген өнім көлемі 14 трлн теңгеден асқан. Бұл ретте экспорт көлемі $21,4 млрд құрағанын «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметов растады.

Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді
деді Нариман Абсаметов.

Талқылау кезінде сала өкілдері бірқатар түйткілді мәселені көтерді. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец теміржол тасымалының стратегиялық маңызына тоқталып, транзиттік кірістерді бөлудің теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынды. Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты байланыс қажет екенін алға тартты.

Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін
деді Руслан Өскенәлі.

Жиында кәсіпорындарды жаңғырту және жұмысшылардың қауіпсіздігіне жағдай жасау ісі де назардан тыс қалған жоқ.

Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек
деді «Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин.

Кездесуді қорытындылаған партия төрағасы айтылған ұсыныстардың барлығы жүйеленіп, тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасына енгізілетінін мәлімдеді. Бұл құжаттың негізіне бизнес өкілдері мен сарапшылардың пікірлері алынатын болады.

Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету
деді Айбек Дәдебай.

Шара соңында ұйымның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табыс етілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp